Жыл сайын қыркүйек айында шаһарымызда «Қала күні» мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді. Биыл да Оралда қала күніне орай бірқатар мерекелік іс-шара жоспарланған. Бұл күндері қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік концерттер, жәрмеңкелер мен спорттық іс-шараларды тамашалай алады.
17-23 қыркүйек күндері «Орал» спорт клубында қала әкімінің жүлдесіне арналған волейболдан дәстүрлі «Достық-Дружба» қалааралық турнирі өтеді.
20 қыркүйек сағат 9.00-де «Атамекен» өнер ордасында «Uralsk Green Forum» экологиялық форумы ұйымдастырылады. Сол күні қала аумағында жаңа бульвар мен абаттандырылған аулалардың ашылу салтанаты өтеді.
«Қала күнінің» басты шаралары 21 қыркүйекке жоспарланған. Шаралар легі 21 қыркүйек күні сағат 11.00-де Д.Нұрпейісова көшесі бойындағы орталық арбатта қолөнер және гүлдер көрмесімен бастау алады. Аталған арбатта сол күні жергілікті азық-түлік тауарларын өндірушілерінің көрмесі де ұйымдастырылады.
21 қыркүйек күні сағат 16.00-де «Атамекен» өнер ордасында дәстүрлі «Орал опера - 2024» классикалық музыка кеші көрермен назарына ұсынылады.
Ал кешкі сағат 20.00-де Тұңғыш Президент алаңында «Туған қалам – Орал» атты мерекелік гала-концерт өтеді. Мерекелік концертте Adam, Балжан Бидаш және Qarakesek секілді танымал әншілер өнер көрсетеді.
22 қыркүйек күні сағат 10.00-де Зашаған кенті «Құс фабрикасы» ауданындағы Бортау атшабар алаңында «Жайық жүйрігі - 2024» атты бәйге түрлерінен Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты басталады.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, баршаңызды «Қала күні» мерекесін бірге тойлауға шақырамыз.