Жаздың бірінші күні қаладағы барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылып, тағы бір оқу жылы аяқталды

Жаздың бірінші күні қаладағы барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылып, тағы бір оқу жылы аяқталды

Осындай қуанышты күні Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қаламыздағы іргелі білім ұяларының бірі №41 мектеп-лицейінің соңғы қоңырау салтанаты жиынына қатысты.
Биыл №41 мектеп-лицейін 52 түлек аяқтап отыр. Олардың екеуі бүгінде Ұлттық бірыңғай тестілеуден 130 балл алып, мектеп мерейін көтеріп отыр.
«Алдағы уақытта да шәкірттеріміз бұдан да жоғары баллға ие болып, біздің мақтанышымызға айналатындары сөзсіз», — деді мектеп-лицей директоры Айтжан Даумова құттықтау сөзінде.
Соңғы қоңырау салтанатында сөз алған шаһарсы басшысы түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтап, оларға зор үміт артты.
— Биыл халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі оқу жылының аяқталуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы ретте мектеп оқушылары мен ұстаздарын, түлектерді мерекемен құттықтағым келеді. 2022-2023 оқу жылында қала бойынша 58 мың оқушы білім алды. Оқу жылы қалалық білім саласы үшін табысты болды деп айта аламын. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыз республикалық, облыстық сайыс-байқауларда, олимпиадаларды жетістіктер санын еселеді. Өздеріңіз білім алған №41 мектеп-лицейдің табыстарына баршамыз куәміз. Сондықтан, білім алуға барлық жағдай жасаған ата-аналарыңыз бен алтын ұя мектептеріңіздің үмітін ақтауларыңыз керек. Сіздер балалықтың бал шағын артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттайсыздар. Осы жауапты кезеңде өздеріңіздің 11 жыл бойы алған білімдеріңізді дұрыс қолданып, мемлекеттік емтихандарынан сәтті өтулеріңізге тілектеспін, — деді Миржан Мұнайдарұлы.
Салтанатты жиында қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер ұстаз, мектеп жайлы әндерін шырқап, жүрекжарды ыстық ықыластарын білдірді. Шара соңы түлектердің мектеп вальсімен түйінделді.
Айта кетейік, биыл шаһарымыздағы 50 мектептен 2314 оқушы орта мектепті аяқтады. Олардың 51-і «Алтын белгіге», ал 58 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.