Оралда «Театрдың ғажайып әлемі» атты батыс аймақтық балалар театрлары арасында фестиваль басталды.

Оралда «Театрдың ғажайып әлемі» атты батыс аймақтық балалар театрлары арасында фестиваль басталды.
Тұңғыш рет өкізіліп отырған фестиваль «Балалар жылы» және «Тәуелсіздік Мемлекеттер Достастығының халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы» аясында және ҚР халық әртісі, «Отан ордені» иегері, кино және театр актрисасы жерлесіміз Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Фестивальдің басты мақсаты – жас жеткіншектердің театр өнеріне деген қызығушылығын арттыру, балалардың шығармашылығын деңгейін көтеру, қолдау, дамыту, балалар мен ересектер арасындағы шығармашылық байланысты дамыту, театр ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнату және нығайту.
Бүгін алдымен фестиваль қонақтары мен қазылар алқасын қала әкімдігінде Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев қабылдады. Екі күнге созылатын фестивалге сәттілік тілеп, қонақтарға естелік сый-сияпат табыс етті.
Балалар театрлары арасындағы фестивалдің ашылу салтанаты Х.Бөкеева атындағы театрда өтті. Өнер сайысына Ақтөбе, Атырау облыстары мен өңірімізден 8-16 жас аралығындағы 11 балалар өнер ұжымы қатысып жатыр.
Салтанатты ашылуында БҚО мәдениет басқармасының басшысы Сайран Темірғалиев пен ҚР «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актері, бүгінгі «Театрдың ғажайып әлемі» атты Батыс аймақтық балалар театр фестивалінің қазылар алқасының төрағасы Еділ Рамазанов құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақ халқында «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген керемет сөз бар. Бүгін біз балаларымызды ұлттық өнеріміз арқылы тәрбиелеудің тағы бір көрінісіне куә боп отырмыз. Хадиша Бөкеева анамыз атындағы киелі қара шаңырақтан алғашқы қадамдарыңызды бастап жатырсыздар. Бұл сіздер үшін үлкен мақтаныш болуы тиіс. Осындай үлкен шаралар өнер ұжымдарын біріктіреді, кәсіби шыңдалуға мол мүмкіндік берері сөзсіз, – деді Еділ Кішібекұлы.
Батыс аймақтық балалар театр фестивалінің қазылар алқасының төрағасы болып, арнайы келген қонақ Еділ Рамазанов таңдалған. Сондай-ақ қазылар алқасының құрамында ҚР Білім беру ісінің үздігі, жұбантанушы, ақын, ұстаз
Үзілдік Елеубайқызы, облыстық «Орал» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин , Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Қайыр Оразғалиев, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Талиғат Жігеров, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Театрлық, хореографиялық өнер және кітапханатану» кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Айтқалиева, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы Жұлдыз Мамедова бар.
Айта кетейік, балалар фестивалі 6-7 маусым күндері Х.Бөкеева атындағы облыстық драма театрда өтеді.