Уақыт өте келе заманауи құрылғылармен жабдықталып, Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылы комьюнити орталық ретінде қайта жұмысын бастады.
Мұнда балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және өнерге, спортқа, сахна мәдениетіне баулу мақсатында жеті үйірме жұмыс істейді. «Жас ақындар», «Үстел үсті ойындары», «КТА» және «Әсем ән» (вокал), «Наз» (би), «Жас дүлдүл» (драма), «Нағыз қазақ» (домбыра) үйірмелеріне 7-16 жас аралығындағы жалпы саны 213 оқушы қатысады. Аула клубының меңгерушісі – Орынбек Меңдіқұлов.
Орталық меңгерушісі өнерден алыс емес. Осы кезге дейін айтыс сахнасында танылған ол жуырда «Атамекен» өнер ордасында «Жанымның мелодиясы» атты шығармашылық кешін берді. Осы кеште «Жұлдыз» комьюнити орталығының талантты шәкірттері де өнер көрсетті. Кештен түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалып, бір отбасына үйіне жылу өткізіп берді.
Орталық бұдан бөлек, үнемі қайырымдылық іс-шараларымен айналысады. 2021-2022 жылғы оқу жылы басталар тұста «Хафиз» шаруа қожалығының демеушілігімен 10 оқушыға оқу құралдарын табыс етсе, облыстық қазақ күресі ассоциациясының қолдауымен «Жұмадағы жақсылық» жобасы аясында апта сайын аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздарына және мүмкіндігі шектеулі балаларға дастарқан жаюды үрдіске айналдырған.
Жаз айларында «Менің аулам – менің бағым» жобасына комьюнити орталықтарының тәрбиеленушілері белсене қатысты. Жаз бойы бау-бақша баптап, түрлі көкөністер өсіреді. Өздері баптаған өнімді күзде жинап, үйлеріне апарып, ата-аналарын, бауырларын қуантады.
Мұндағы жеткіншектер қалалық және облыстық деңгейдегі мәдени-рухани және спорттық шараларға белсене атсалысады. Олардың қатарында Әлішер Сүндетов, Нұрдәулет Салихов, Мерей Төлегенов, Хамза Асылбек, Наргиза Абзалқызы, Айару Асланбекқызы Мерей Мәліков, Айсәуле Шынболат, Ерсайын Айбатыр сынды таланттар бар. «Жұлдыз» комьюнити орталығының жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудан бөлек, оларды салауатты өмір салтына баулуға, шығармашылығын дамытуға зор ықпал етіп отырған үлкен тәрбие мектебіне айналғаны көңіл қуантады. Шығармашылықпен қоса, қайырымдылыққа баса мән беретін орталықтың алдағы жұмысына біз де сәттілік тілейміз.