Жуырда Оралдағы аналар мен балаларға арналған дағдарыс орталығы жаңа ғимаратқа көшкен еді

Жуырда Оралдағы аналар мен балаларға арналған дағдарыс орталығы жаңа ғимаратқа көшкен еді

Бүгін аталған орталықтың жұмысымен Орал қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Мирболат Нұржанов және қалалық мәслихат депутаттары Светлана Вахишева мен Азима Ғұбашева танысып қайтты.

—Өмір болған соң адамдардың басында әртүрлі қиын жағдайлар болып жатады. Сондай кезеңде әйел-аналар өз мәселелерін шешіп алғанша, орталықта 1-6 ай көлемінде тұра алады. Қазіргі таңда орталық бір мезетте түрлі жадайға тап болған 10 адамды қабылдауға қауқарлы, —дейді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Талшынай Жүніс.

Орталықта психолог, дәрігер, заңгер, тәрбиеші секілді мамандар қызмет атқарады. Көмекке жүгінген жандарды орталық мамандары қабылдауға қашанда дайын. Мамандардың айтуынша, дағдарыс орталығына келген жандардың көбісінің мекенжай тіркелімі болмайды екен. Бірақ, орталық бұл жұмыстармен нәтижелі айналысудың арқасында шешімін табылуда.

Осыдан кейін комиссия мүшелері «Отбасы» орталығында болып, биылғы жұмыс жоспарларымен танысты.

«Отбасы» орталығынан өткен жылы жалпы саны 1190 адам кеңес алған. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Ал осы жыл басталғалы орталық қызметіне 32 адам жүгінген.

Орталықта үнемі тігін, қолөнер, аспаздық, сұлулық шебер сағаттары ұйымдастырылады. Сондай-ақ кез келген қала тұрғыны үшін электронды үкімет, әлеуметтік мәселе, заң, психология бойынша арнайы мамандардан тегін кеңес алуға барлық мүмкіндік жасалған.