ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫС ХАЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫС ХАЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Желтоқсан айының 25-жұлдызында  Ақ Жайықта Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Бөкей ордасының 220 жылдығына арналған «ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ» атты халықаралық ақындар айтысы өтті.

 

Облыс басшысы Ғали Есқалиев жыр додасына сәттілік тілеп, айтыстың атасына айналған Жүрсін Ерманды 70 жасымен құттықтап, шапан жауып, сый-сияпат жасады.

 

Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Қырғызстаннан және еліміздің әр өңірінен ауыздығын шайнап келген 22 жүйрік сөз жарыстырды.

 

Айтулы ақындардың жырына баға беру үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, аңыз тұлға  А.ӘШІМОВ, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма Төрағасы Ұ.ЕСДӘУЛЕТ, «Құрмет» орденінің иегері, «Жұлдыз» журналының редакторы М.ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма Төрағасының орынбасары, ақын А.ЕЛГЕЗЕК, белгілі сазгер, әнші А.ҚОРАЗБАЕВ, «Махамбет» атындағы сыйлықтың иегері, ақын Қ.ЖЫЛҚЫШИЕВ, эпик жыршы Б.ЖҮСІП, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Д.КӘПҰЛЫ, Ақ Жайық айтысының алдыңғы буын өкілдері Д.МҰШТАНОВА, Ү.ЕЛЕУБАЕВА қазылық етті. Шараның басты ұйымдастырушысы  Б.ХАЛИОЛЛА тәуелсіз сарапшы міндетін атқарды.

 

Шара барысында жергілікті он ақынға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.РАЙЫМҚҰЛОВАның Алғыс хатымен аталмыш саланың вице-министрі Н.ДӘУЕШОВ марапаттады.

 

Айтыс арасында Қырғызстаннан арнайы келген құрметті қонақ, манасшы АЗИЗ БИЙМЫРЗА УУЛУ Манас жырынан үзінді орындаса,

қазылар алқасының мүшесі, Сыр сүлейлерінің сарқыты, этномузыкатанушы БЕРІК ЖҮСІП жиылған жұртқа жырдан сыбаға тартты.

 

Айтыс соңында қазылардың шешімімен  барлық ақынға бірдей жүлде берілді.

Өңір басшысы Ғ.Есқалиевтің атынан Алғыс хаттар мен "Сырым Датұлы" медалі және тең дәрежеде ақшалай сыйлықтарды абыз тұлға Асанәлі Әшімов табыстады.

 

Сонымен қатар, ақындар атынан шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұлов жыр доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған ақын  Бауыржан Халиолланың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

 

Жергілікті кәсіпкер азаматтар айтыс соңында қырғыз елінен келген екі қонаққа ат мінгізді.

 

Тәуелсіздіктің тойында ақындар елдің көңілінен шығып, елдіктің ең басты құндылықтарын жырына арқау қылды.