ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ТҮТІН ЖӘНЕ УЛЫ ГАЗДАН ҚОРҒАЙТЫН АРНАЙЫ ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫ ОРНАТУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ

ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ТҮТІН ЖӘНЕ УЛЫ ГАЗДАН ҚОРҒАЙТЫН АРНАЙЫ ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫ ОРНАТУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ
Орал қаласы аумағында жыл басынан бері 176 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт оқиғаларының 70%-ы тұрғын үй секторына тиесілі.
Тұрғын үй мен пәтерлерде өрттің шығуына негізгі себептер: тұрмыстық электр және газ аспаптарын пайдалану кезінде пештердің дұрыс орнатылмауы мен қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, сонымен қатар электр өткізгіштерін дұрыс жүргізбегендіктен болып отыр.
Өрттің алдын алу мақсатында қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жеке тұрғын үй секторларын аралап, бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне түтін және улы газдан қорғайтын арнайы құрылғыларды орнату жұмыстарын жүргізуде.
-Қазіргі таңда әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрғын үйлерінде өрт шығу себептері жиі кездеседі. Орал қаласы бойынша 574 әлеуметтiк осал топтағы отбасы бар. Оның iшiнде жеке тұрғын үйлерде тұратын және ерекше назар аударуды талап ететiн 204 отбасы бар. Дәл осы 204 отбасы үшiн өрт және улы газбен улану қаупін азайту мақсатында жергiлiктi атқарушы органдар улы газды анықтайтын арнайы құрылғыларды сатып алуда. Бiрiншi кезеңде 170 құрылғы сатып алуға бюджеттен қаражат бөлiніп отыр. Әрі қарай бұл жұмыстар жалғасын табатын болады, - деді Орал қаласы әкімдігінің төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әділбек Қадыров.
Түтін мен улы газдан қорғайтын арнайы құрылғы оқыс оқиғаның алдын алуды ескертіп отырады. Егер қауіпті жағдай сезілсе, оптикалық сенсордың бетіне инфрақызыл сәуле шашырап, дабыл іске қосылады.
- Көбінесе жазатайым оқиғалар түнде, тұрғындар ұйықтап жатқанда болатындықтан, құрылғы тұрғындарға уақытында құтқару шараларын жеделдетуге мүмкіндік береді, - дейді Орал қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ольга Протопопова.
Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары барлық тұрғындарды тұрғын үйлердегі және басқа да орындардығы өрт қауіпсіздігі талаптары мен қарапайым ережелерді сақтауын ескертеді.