Бүгін қала әкімі Абат Шыныбеков «Junior Eurovision» байқауының ұлттық іріктеу кезеңін ұтып, Париж қаласындағы ән байқауына Қазақстан атынан өнер көрсетуге жолдама алған жас өрен Әлинұр Хамзинді арнайы қабылдады.

Бүгін қала әкімі Абат Шыныбеков «Junior Eurovision» байқауының ұлттық іріктеу кезеңін ұтып, Париж қаласындағы ән байқауына Қазақстан атынан өнер көрсетуге жолдама алған жас өрен Әлинұр Хамзинді арнайы қабылдады.
Әлинұр Хамзин — қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Бәйтерек» комьюнити-орталығының тәрбиеленушісі әрі №27 мектеп-лицейінің 6 класс оқушысы. Аталған байқаудың іріктеу кезеңінде Қазақстанның 17 облысынан 819 өтінім түскен. Соның 30-ы іріктеу сынынан іркілмей өтсе, солардың қатарында Әлинұр да болды. Кейін әділқазылар алқасы осы 30 өреннің ішінен 10 үздік қатысушыны онлайн дауыс беру арқылы анықтап, олар ақтық сынға жолдама алды. Осы ондықтың арасынан Әлинұр Хамзин өз өнерімен қазылар алқасын да көрермендерді де тәнті қылып, үздік атанды. Енді ол Қазақстан намысын Франция астанасы — Париж сахнасында қорғайтын болады.
Бұл байрақты бәсекеде әлемнің түкпір-түкпірінен 19 мемлекет қатысады.
Кездесу барысында шаһар басшысы өнерлі жастың жеңісін жоғары бағалап, қала әкімдігі тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілетінін жеткізіп, алдағы өтетін байқауда сәттілік тіледі.
Сондай-ақ қабылдауға қалалық мәслихат депутаттары Арман Биғалиев пен Алпамыс Камалов қатысып, Әлинұрға игі тілектерін арнады.