Жайық өзенінің жағалауында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қала  күні  мерекесі аясында  V «JAIYQ SAZY» дәстүрлі өнер фестивалі  өтті.

Жайық өзенінің жағалауында  ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қала  күні  мерекесі аясында  V «JAIYQ SAZY» дәстүрлі өнер фестивалі  өтті.

Дәстүрлі ән, күй, өнерін насихаттау арқылы ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, қазақ халқының  рухани байлығы дәстүрлі өнерді келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында жылма-жыл ұйымдастырып келе жатқан өнер фестивалінде «Орал сазы» фольклорлық ансамблі (жетекшісі Асқар Кенжеғалиев), Ақтөбе қаласынан арнайы шақырулы қонақтар «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі Серік Закария), Атырау және өзге де өңірімізге танымал дәстүрлі өнер саласының майталмандары қатысты.
Дәстүрлі өнер фестиваліне Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қатысып, тұрғындарды қала күнімен құттықтап, қатысушы өнер иелеріне ризашылығын білдірді.
- Баршаңызды жылма-жыл дәстүрлі түрде өтетін шаһарымыздың мерекесі «Қала күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Қазақ халқы, қазақ даласы небір ғажайыптарға, асқан өнерге, тарихи мұраларға бай халық. Сондай ұлы мұралардың бірі – қазақтың дәстүрлі өнері. Соның ішінде біздің Ақжайық өлкеміз дәстүрлі өнерден кенде емес. Күй атасы – Құрманғазы, күй анасы – Дина,Оқап, Сейтек, Қали, Мәмен, Тұяқберді сынды дәулескер күйшілер, ән құдіретін асқақтатқан Мұхит Мерәліұлы, Қатимолла Бердіғалиев, Ескендір Хасанғалиев сынды өнер майталмандары туған атырап.Қазіргі таңда мәдени мұраларымызды көпшілікке таныту және осы құндылықтарды келешек ұрпақ санасына сіңіру басты міндет.Біз осы жауапкершілік пен міндетті ескере отырып, мәдениет пен өнердің барлық саласында ірі жобаларды жүзеге асырып келеміз.  Солардың бірі – аймақтық  «JAIYQ SAZY» дәстүрлі өнер фестивалі.  Аталмыш өнер фестивалі биыл 5 рет өткізіліп отыр. Бұл тек дәстүрлі ән мен күй өнерін кеңінен насихаттап қана қоймай, өнер адамдарының өзара шығармашылық тәжірибе алмасуына зор үлесін қосады.Өнер фестиваліне көршілес облыстардан қатысушылар келіп отыр. Мұның өзі біздің ұлы өнерімізге деген айрықша құрметтің көрінісі. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған өнер фестивалі жыл сайын қала тұрғындарының көңілінен шығып келеді. Шаһар мерекесі аясында өтіп жатқан бұл кеш Ақжайық жұртшылығы үшін тамаша тарту деп білемін. Баршаңызды тағы бір мәрте қала күнімен құттықтап, бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілей отырып, өнер жолында өнегелі істеріңіздің көп болуына тілектестігімді білдіремін! - деді шаһар басшысы.
Шара соңында Абат Абайұлы өнер иелеріне құрмет көрсетіп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.