Бүгін “Қала күні” мерекесіне орай Орал қаласы әкімінің жүлдесіне арналған республикалық “Жайдарман” фестивалі өтті.
Биылғы кубок еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізілді.
Жайдарман ойнына 13 топ қатысып, көңілді ойын өрнегін көрсетті. Фестивальде Рудный, Ақтөбе,Атырау қалалары мен өңірлік командалар бақ сынады.
Кештің марапаттау рәсіміне Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Галиев қатысып, шаһар күнімен құттықтап, қала әкімінің жүлдесіне қатысушы топтардың бәріне алғысын білдірді.
“Орал қаласы әкімінің кубогы чемпионы” деген атақ бұл жолы Сырым ауданынан келген «Ақырап-25» командасына бұйырды. Жүлделі екінші орынға қостанайлық “Рудный” командасы лайық деп танылса, үшінші орынды ақтөбелік “Сөз жоқ” командасы иеленді.
Ал осы ойынның «Үздік ойыншысы» атағын Ақтөбе қаласының «Сөз жоқ» командасының белді ойыншысы,танымал жайдарманшы Азамат Жадырасынов иеленді.
Сонымен қатар, қатысқан барлық командаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.