Балалар қауіпсіздігі - басты назарда

Балалар қауіпсіздігі - басты назарда

Бүгін қала әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Е.Е. Галиевтің басшылығымен жазғы кезеңде суда балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселелерін талқылауға арналған жұмыс кеңесі өтті. Кеңес жұмысына комиссия мүшелерімен бірге Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдері қатысты. Бүгінгі күні Орал қаласында балалардың суға батып кетуінің 2 жағдайы тіркеліп отыр. Мұның себебі- шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға түсу, қауіпсіздікті қадағаламау.

Жиналғандар “Орал қаласының су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жоспарын" іске асыру бойынша қабылданатын шаралардың сапасын талқылауға ерекше назар аударды. Олардың ішінде балалардың суда қаза болуына жол бермеу бойынша алдын алу жұмыстары, патрульдеу, рейдтер, ақпараттық қызмет, жағажайлардың дайындығын қадағалау бойынша жұмыстар, балалардың шомылуға жабдықталмаған жерлерге кіруін шектеу, балаларды жүзуге тегін үйрету бойынша шаралар бар.