Қала әкімі Абат Шыныбеков халықпен кездесуін жалғастыруда.

Қала әкімі Абат Шыныбеков халықпен кездесуін жалғастыруда.

Қала әкімі Абат Шыныбеков халықпен кезекті кездесуін жалғастыруда. Шаһар басшысы қалаға қарасты шағын аудандарға арнайы барып, бұқараның қордаланған мәселелерімен тікелей танысып жүр.

Бұл жолы Абат Абайұлы Зачаган кентіндегі Болашақ, Коминтерн шағын аудандары мен Бірлік көшесі тұрғындарының мәселелеріне құлақ асты. Жергілікті тұрғындармен жүздескен қала әкімі аталған шағын аудандарды дамыту бағытындағы тың жоспарлармен де бөлісті.

Басқосуда Болашақ шағын ауданының тұрғындары қоғамдық көлік аялдамаларының орналасуы, көшеттерді күтіп-ұстауды ұйымдастыру секілді мәселерді көтерді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар аталған шағын ауданға бөлек мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар қажеттігін алға тартты. Бірлік көшесінінің тұрғындары Орал—Саратов бағытындағы тас жолға қосымша жаяу жүргінші өткелдерін салуды сұрады. Сондай-ақ аталған көшенің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселелерді қозғады. Коминтерн шағын ауданында болған кездесуде тұрғындар қоқыс алаңын алып тастау мен балалар ойын алаңын қалпына келтіру туралы өтініштерін білдірді.

Қала басшысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, түйінін шешуге күш салатынын жеткізді. Сондай-ақ аталған кент әкімі мен құзырлы бөлім басшыларына көтерілген мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.