Қала әкімі нәзік жандыларды құттықтады

Қала әкімі нәзік жандыларды құттықтады

8 наурыз — әйелдер күні қарсаңында қала әкімі Абат Шыныбеков нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтады. Онлайн форматта өткен кездесуге еңбек ардагерлері, қаланың құрметті азаматшалары, әртүрлі салада қызмет ететін белсенді әйелдер қатысты.

«Қаламызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп-өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Бүгінде шаһарымызда 4 мыңға жуық көпбалалы аналар бар. Олардың 103-і «Батыр аналар», 613-і «Алтын алқа», 930-ы «Күміс алқа» иегері. Қаламыздағы қыз-келіншектер үй шаруасы мен қызметтің әртүрлі жауапты міндеттерін орындауды шебер үйлестіруде. Мәселен, қазіргі таңда қалада 4 мыңның үстінде мұғалім, 1200-дей медицина, 200-ге жуық полиция және 75 төтенше жағдай қызметкерлері бар. Бұлар — ер адамдармен қатар қызметтерін адал атқарып жүрген нәзік жандылар. Сіздердің қоғамдағы орныңыз, ұрпақ тәрбиесі мен ел өміріндегі елеулі істерге үлесіңіз орасан», — деді шаһар басшысы.

Абат Абайұлы кездесуге қатысқан әйелдер қауымына ақ тілегін арнап, волонтерлер арқылы құттықтау хат пен гүл шоқтарын табыс етті.
Нәзік жандылар көрсетілген құрмет үшін қала әкіміне алғыс айтып, қаланың өркендеуіне тілектестіктерін білдірді.