ОРАЛ ҚАЛАСЫНДА ҚҰТҚАРУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

ОРАЛ ҚАЛАСЫНДА ҚҰТҚАРУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Орал қаласында қос даңғылдың қиылысында Құтқарушылар аллеясы ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен ардагерлері, қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мемориалды кешен бейбіт күннің батырларына құрметтің көрінісі екенін атап өтті.

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс екенін айтып, мемлекеттік органдарды оларға қоғамда лайықты баға берілуі үшін нақты шаралар қабылдауға міндеттеді. 2025-2026 жылдары саланы дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мұның барлығы – азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне жасалып жатқан нақты қолдау, - деді Нариман Төреғалиев.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов игі бастаманы қолдағаны үшін облыс әкіміне ризашылығын жеткізді. Ведомство басшысы жаңа нысан тынығу орны ғана емес, ерлікке тағзым мекеніне айналатынына сенім білдірді.

Аталған аллея – құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің сын сағаттарда көрсеткен ерлігі мен жанкешті еңбегінің рәміздік нышаны. Аумағы 1,6 мың шаршы метр қоғамдық кеңістікте қос субұрқақ орнатылған. Оның біріне өрт сөндірушінің мүсіні, екіншісіне XIX ғасырда бөлімде қолданылған өрт сөндіру қол сорғышы қойылған. Айнала абаттандырылып, көгал төселді.

Мемориалдық тақтаға төтенше жағдайлармен күрес жолында ерлікпен қаза тапқан құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің суреті ілінген. Салтанатты шара аясында олардың рухына тағзым етілді.