
Оралда Батыс Қазақстан облысының дәстүрлі садақ ату федерациясының кезектен тыс жиыны өтті.
Оған Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов, Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, дәстүрлі садақ ату жаттықтырушылары, спорт ұйымдарының өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Жиын барысында федерацияның президенті болып Мұрат Байменов сайланды.
Осы уақытқа дейін федерацияны басқарған Асхат Ищанов федерацияның вице-президенті қызметіне тағайындалды.
Жиын барысында сөз алған Мұрат Байменов дәстүрлі садақ ату спортын дамыту – ортақ міндет екенін атап өтті.
«Дәстүрлі садақ ату – халқымыздың бай мұрасы мен рухани құндылығы. Бұл спорт түрін өңірімізде одан әрі дамыту үшін бар күшімізді саламыз. Спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, жас буынды осы спортқа тартуға және халықаралық ареналарда еліміздің көк туын желбірететін чемпиондарды тәрбиелеуге барынша атсалысамыз. Бірлесе еңбек етіп, дәстүрлі садақ атудың жаңа деңгейге көтерілуіне жұмыс жасаймыз», – деді жаңа президент.
Жиын соңында қатысушылар Мұрат Байменовты жаңа қызметімен құттықтап, жауапты міндетіне табыс тіледі. Сондай-ақ оның басшылығымен облыстағы дәстүрлі садақ ату спорты жаңа қарқын алып, өңірде ұлттық спорттың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.