Біріншіден, әлемдік үрдістерді ескеру қажет.
Көптеген елдерде пандемия, ең алдымен, ірі қалаларды шарпыды.
Бұған дамыған көлік қатынасы себеп болғаны анық.
Қазір инфекция өңірлерге де жетті.
Бұл – шын мәнінде, аймақтар үшін екінші емес, бірінші толқын.
Осындай ахуалды біздің еліміз де бастан өткеруде. Бірнеше облыста дертке шалдыққандар санының күрт өсіп кетуі – соның дәлелі.
Қазір індетке қарсы тұру үшін барлық ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, тиісті шаралар қабылдау аса маңызды. Бұл вирустың сырттан келуіне тосқауыл қойып, оның таралуын болдырмау үшін керек», - деді Мемлекет Басшысы.
Сондай-ақ, Президент дәрігерлердің ерен еңбегіне баға беріп, оларды қолдау қажеттілігіне тоқталды.
«Үшіншіден, медицина қызметкерлерін қорғау – басты міндет. Биыл мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мен дәрігерлерді заңдық тұрғыдан және қаржылай қолдау жүйесін енгізу жөнінде тапсырма бердім. Үкімет осы жұмысты жеделдетуі керек. Қазіргі жағдайда біз коронавируспен күреске атсалысқан медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеуді жалғастырамыз, - деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұдан бөлек, қоғамдық көліктегі санитарлық ахуал тұрғындарды қатты алаңдатып отырғандығын жеткізді. «Бұл ретте өңір әкімдері жұрт көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін қажетті жағдай жасауды бақылауға алуға тиіс», - деді Президент.