ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІ АРҚЫЛЫ ӨТЕТІН ЖАҢА КӨПІРДІҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ЖАЙЫҚ ӨЗЕНІ АРҚЫЛЫ ӨТЕТІН ЖАҢА КӨПІРДІҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары жұмыс сапары аясында Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің жобасымен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолға алынған бұл жобаның жалпы құны – 71 млрд теңге. Техникалық тексеруден кейін апаттық деп танылған ескі көпірлердің жанынан бой көтеретін бұл нысан халықаралық маңызы бар «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» автожолының бойында орналасқан және өңірдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті сұранысқа негізделген.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын жол мен заманауи монолитті құрылымдағы 513 метр арналық және 1710 метр жайылмалық қос көпір салу қарастырылған. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, тиісті органдардың келісімінен өтті. Инфрақұрылымдық нысанның жобасында қарастырылған жаңа технологиялар мен инженерлік шешімдер жол қатынасының сенімділігін арттыруға бағытталған.

Нұрлыбек Нәлібаев жауапты министрліктер мен облыс әкімдігіне жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу процесін жылдамдатуды жүктеп, жобаны жүзеге асыру кезінде бюджетті барынша оңтайландыру, шығындарды тиімді бөлу және сонымен бірге нысанның сапалық көрсеткіштеріне ерекше басымдық беруді қатаң тапсырды. Ол бұл көпірдің Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық логистикалық байланыстарды нығайтудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.