Оралда Жеңіс күніне орай ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсетілуде

Оралда Жеңіс күніне орай ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсетілуде

Орал қаласында Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Зиннатұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалада әрбір ардагерге жауапты бөлімдер бекітіліп, мамандар үйлеріне барып қажетті көмектерді анықтауда. Әлеуметтік қолдау аясында соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 1,5 млн теңгеден және қосымша 3,5 млн теңге көлемінде төлемдер қарастырылған. Сондай-ақ Жеңіс күніне орай өзге санаттағы азаматтарға 50 мыңнан 180 мың теңгеге дейін біржолғы әлеуметтік төлемдер жүргізілді. Жалпы төлем көлемі 208,2 млн теңгені құрайды.

Жалпы мамыр мерекелеріне орай Орал қаласы мен облыс аумағында 500-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарланған.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлының мәліметінше, Отан қорғаушылар күні қарсаңында 6 мамырда «Атамекен» өнер ордасында салтанатты жиын мен «Жасай бер, ұлы Отан!» атты мерекелік концерт өтеді. Сондай-ақ аудандарда концерттер, сарбаздармен кездесулер, патриоттық шаралар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Оралда «Бүркіт» фильмі көрсетіліп, театрлар арнайы қойылымдарын ұсынады.

Жеңіс күніне орай өңірде еске алу шаралары өтеді. Орал қаласында алты нысанда гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылып, негізгі іс-шара «Мәңгілік алау» мемориалында өтеді.

Сонымен бірге мамыр айында Халықаралық музейлер күні, Мәдениет және өнер қызметкерлері күні, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған да ауқымды іс-шаралар жоспарланған.