
«Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты ауыл әкімдерінің І облыстық форумының аясында қала мен аудандар ауылшаруашылық өнімдері мен қолөнер бұйымдарының көрмесін өткізді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Тұңғыш Президент атындағы алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралап, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысына оң бағасын берді. Көрмеде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың өнімдері де көпшілік назарына ұсынылды. Аталған бағдарлама аясында 2023–2025 жылдары өңірге 14,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, жалпы сомасы 11,2 млрд теңге 1469 шағын несие берілді. Нәтижесінде 1797 жаңа жұмыс орны құрылды. 2024 жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында өндірілген өнімдерді өткізу бойынша «KПО Б.В.» компаниясымен меморандум жасалды. Күні бүгінге зәкірлік кооперациялар арқылы жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам ет, сүт, май, жұмыртқа және бау-бақша өнімдері тапсырылды. Аймақ басшысы осындай көрме-жәрмеңкелер ауыл-аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындарды бизнес бастамаларын жүезеге асыруға ынталандыратынын жеткізді. Форум делегаттары мен қонақтарына жасанды интеллектінің көмегімен дайындалған бағдарламалар, ұлттық салт-дәстүр, тарихи орындар мен мұраларға қатысты жоба-жоспарлар таныстырылды.