
Іс-шара барысында қала әкімінің орынбасары Арсен Зиннатұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы ерекше орны мен ел дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
Кездесуге құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім мен денсаулық сақтау саласының үздіктері, өнер майталмандары, кәсіпкерлер және өндіріс саласының еңбеккерлері қатысты.
Салтанатты жиында өз ісіне адалдығымен және белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленген бірқатар ханымдардың еңбегі атап өтілді. Олардың қатарында ұшақ бортында жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсеткен мейірбике Динара Сариева, қайырымдылық істерімен танымал кәсіпкер Ардақ Садирова және өнер саласының өкілі Жаңылсын Хасанова бар.
Шара барысында қаламыздың дамуына елеулі үлес қосып жүрген 20-дан астам түрлі мамандық иелеріне қала әкімі атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мұндай кездесулер қоғамдағы әйелдердің еңбегін бағалауға, олардың кәсіби жетістіктерін дәріптеуге және жаңа бастамаларға шабыт беруге бағытталған.