
Отбасы банк («Байтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ұлттық даму институты мәртебесінде кезекте тұрған азаматтар арасында тұрғын үйді белсенді түрде үлестіруде. Осы мақсатта облыс әкімдіктері банкке барлығы 13 393 пәтерді тапсырды, оның 8 846-сы жалдамалы тұрғын үйге, ал 4 547-сі несиелік тұрғын үйге арналған.
Банк тұрғын үйді үлестіруді бастағалы бері 4 216 қазақстандық отбасы қоныс тойын атап өтті.
Банк негізгі процестерді толық цифрландырып, автоматтандырды, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция жүргізді және тұрғын үйді үлестіруге арналған orken.otbasybank.kz цифрлық платформасын іске қосты.
Пәтерлерді бөлу кезінде кезекке қойылған күн мен санаттардың басымдылығы ескеріледі. Бұл мәліметтерді Отбасы банк мемлекеттік деректер қорларынан алады.
Бұл азаматтар үшін өте ыңғайлы – әртүрлі анықтамаларды жинап, көшірме жасап, бөлімшелерге апарудың немесе порталға жүктеудің қажеті жоқ.
Алайда банк деректерді жедел тексеріп, тұрғын үйді әділ бөлуі үшін кезекте тұрған азаматтар жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім беріп, orken.otbasybank.kz порталында түгендеуден өтуі қажет.
Түгендеу – бұл кезекте тұрған азаматтардың мәліметтерін тексеру және нақтылау рәсімі. Ол қателерді болдырмауға, кезекте тұрған адамның өзекті мәртебесін, отбасы құрамын, санатын, сондай-ақ оның тұрғын үйінің бар-жоғын нақты көрсетуге мүмкіндік береді.
Отбасы банк жүргізетін инвентаризация тұрғын үйді бөлу процесін ашық әрі әділ етеді. Пәтерлер кезекке ертерек тұрған және шынымен мұқтаж азаматтарға беріледі.
Бастапқы кезеңде, Отбасы банк тұрғын үйді бөлу бойынша жаңа функцияны енді іске асыра бастағанда, уақытша шешім қабылданып, тұрғын үй түгендеуден өтпеген кезекте тұрған азаматтарға да үлестірілді. Бұл тұрғын үй бөлу процесін жедел бастау және азаматтардың күту уақытын қысқарту үшін қажет шара болды.