Орал ЖЭО-да «Хитачи» газ турбинасы қайта іске қосылды

Орал ЖЭО-да «Хитачи» газ турбинасы қайта іске қосылды

Орал қаласындағы «Жайықжылуқуат» кәсіпорнында күрделі жөндеуден өткен 28 МВт-тық «Хитачи» газтурбиналық қондырғысы пайдалануға берілді.

Бұған дейін жабдықтардың тозуы салдарынан турбина істен шығып, кәсіпорын электр энергиясын шектеулі көлемде өндіруге мәжбүр болған еді. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 10 жылдан астам уақыт тоқтап тұрған 12 МВт-тық №1 турбоагрегат қайта қосылып, өндірістік қуат айтарлықтай артты.

Ал осы газ турбинасын іске қосу арқылы кәсіпорынның жалпы электр өндіру мүмкіндігі 60 МВт-қа дейін жеткізілді.

Қондырғыны қалпына келтіру мақсатында Жапонияда келіссөздер жүргізіліп, инспекциялық тексеріс қорытындысы бойынша жану камерасының қажетті қосалқы бөлшектері жаңартылды. Қазіргі таңда турбина толық дайын күйге келтіріліп, электр энергиясын желіге беру кезеңі басталуда.

Соңғы екі жыл ішінде жылу-энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,6 млрд теңге бағытталып, бірқатар нысан жаңартылды. Қазіргі уақытта №6 және №7 жылу магистралдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жобалар толық аяқталғаннан кейін қала тұрғындары сапалы әрі тұрақты жылумен қамтылады.