БҚО-да мұз үстіндегі қауіпсіздік күшейтілді

БҚО-да мұз үстіндегі қауіпсіздік күшейтілді

Қыс мезгілінде облыс аумағындағы су айдындарында қауіпсіздік мәселесі өзекті. Құтқарушылардың ескертулеріне қарамастан, тұрғындар мұз үстіндегі қауіпсіздік талаптарын жиі елемейді. Мамандардың айтуынша, мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін кемінде 10 см, ал жаппай іс-шаралар мен автокөлік өткелдері үшін 25 см болуы тиіс.

Бұл туралы бүгін ӨКҚ-да өткен брифингте БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Айбар Хайдарұлы Камидуллиев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, республикалық «Мұз-2025» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. 24 қарашадан бастап облыс бойынша тұрақты рейдтер ұйымдастырылып, құтқарушылар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

- Қысқы кезең басталғалы су айдындарында 2 адам қаза болды. Жуырда Байтерек ауданында жүк көлігінің мұз астына түсу дерегі тіркеліп, жүргізуші аман қалды.

Тұрғындарды қыс мезгілінде, әсіресе ағысы бар өзендерде мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамын,- деді спикер.

Айта кету керек, ТЖД ұйымдастырған акция аясында 350 рейд пен патруль өтіп, оған 2 505 қызметкер жұмылдырылды, 4 551 үгіт материалы таратылды.

ӨКҚ - Ақпарат