Орал мен Ташкент арасында жаңа әуе бағыты ашылады

Орал мен Ташкент арасында жаңа әуе бағыты ашылады

2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Батыс Қазақстан облысында көлік саласының негізгі көрсеткіштері өсім көрсетті. Облыс көлігімен 31,3 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылмен салыстырғанда 17,8%-ға артты. Жүк айналымы 10 млн ткм құрап (+7,5%), жолаушы тасымалы 9,5 млн адамға жетті (+3,6%). Жолаушылар айналымы 661,1 млн болды (+15,7%).

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Темірғалиев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, облыста 4 халықаралық және Атырауға бір облысаралық маршрут жұмыс істейді. Ауданаралық бағыттар саны биыл 27-ге жетіп, алты жаңа маршрут іске қосылған. 12 желтоқсанда өтетін конкурс нәтижесінде тағы бірнеше бағыт ашылуы мүмкін.

Тасымал қызметін арттыру мақсатында субсидия көлемі де ұлғайып отыр.

- 2025 жылы ауданаралық тасымалдаушыларға 625 млн теңге субсидия бөлініп, оның 486 млн теңгесі игерілді. Қалалық бағыттарда 27 маршрут жұмыс істейді, шығындарды өтеуге 5,2 млрд теңге қарастырылған. Биыл облыс бойынша 41 жаңа автобус сатып алынды,- деді Нариман Темірғалиев.

Сонымен қатар әуе және теміржол бағыттары да тиімді ұйымдастырылған.

- Теміржолда «Орал-Семиглавый Мар» және «Орал-Шыңғырлау» бағыттары субсидияланады. 10 айда 54 мыңнан астам жолаушы тасымалданды. Төрт теміржол вокзалы жыл соңына дейін толық жөндеуден өтеді.
Орал халықаралық әуежайы 7 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. 2026 жылы ашылатын «Ташкент-Орал» жаңа рейсіне билеттер сатылымға шықты,- деді спикер. Бұл жаңа рейс бағытын өзбекстандық Centrum әуе компаниясы жүзеге асырады.

ӨКҚ - Ақпарат