Орал қаласының ескі бөлігінде абаттандыру жұмыстары басталды

Орал қаласының ескі бөлігінде абаттандыру жұмыстары басталды

Биыл шілде айында Орал қаласына іссапармен келген Астана қаласының Урбанистика орталығының директоры Елнар Базыкен өңір басшылығымен кездесіп, қаланы дамыту, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және заманауи урбанистік шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады. Осы кездесуден кейін қалада бірқатар ұсыныстар жүзеге асырыла бастады.

Қазіргі уақытта Орал қаласының ескі бөлігінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Назарбаев даңғылының Сарайшық көшесінен Молдағалиев көшесіне дейінгі бөлігінде ағымдағы жөндеу жұмыстары орындалды. Бұл аумақта жол жиегінен ғимараттарға дейінгі аралық жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер мен тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырылды.

Келесі жылы осы жұмыстар Назарбаев даңғылы бойымен Досмұхамедов көшесіне дейін жалғастырылмақ.

Жобаның негізгі мақсаты – қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды әрі ыңғайлы қалалық кеңістік қалыптастыру.

Орал қаласының әкімдігі алдағы уақытта да урбанист мамандармен бірлесіп жұмыс істеп, қаланың көркін жақсартуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.