Жайық өзенінің жағалауы жаңғыртудан кейін қайта пайдалануға берілді

Жайық өзенінің жағалауы жаңғыртудан кейін қайта пайдалануға берілді

Жайық өзенінің жағалауы жаңғыртудан кейін қайта пайдалануға берілді

Бүгін Орал қаласында Жайық өзенінің жағалауындағы демалыс алаңының ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен қала тұрғындары қатысты.

Жайық жағалауын абаттандыру және қайта жаңарту жұмыстары биыл сәуір айында басталып, белгіленген мерзімде аяқталды. Жоба аясында 2,7 гектар аумақ толық жаңартылып, 16 мың шаршы метрге жуық газон төселді, 439 түп ағаш отырғызылды. Демалыс аймағында 50 орындық, заманауи су бұрқақ, балалар ойын және воркаут алаңдары, сондай-ақ шағын сәулеттік формалар орнатылды.

Жоба Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылды. Бас мердігер – «Шымкент жасыл қала» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Батыс Сапа Құрылыс» ЖШС. Жалпы жоба құны 1,3 млрд теңгені құрайды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз сөйлеп, өңірде атқарылып жатқан абаттандыру бағытындағы жұмыстардың халық игілігіне қызмет етуі маңызды екенін атап өтті:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлердің дамуы мен халықтың өмір сапасын арттыруды басты міндет ретінде белгілеген болатын. Осы бағытта мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіліп, өңірлерде нақты жұмыстар жүзеге асып жатыр. Сол игі бастамалардың бірі – бүгін қайта ашылып отырған Жайық өзенінің жағалауы. Бұл – оралдықтардың сүйікті демалыс орны, қала тұрғындарының серуендеп, тынығуына арналған ерекше кеңістік. Жаңғыртылған жағалау қаламыздың келбетін көркейтіп, тұрғындарға жайлы орта сыйлайды», – деді өңір басшысы.