Бүгін Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің төрағалығымен қала кәсіпкерлерімен кездесу өтті. Басқосу барысында Н.Назарбаев даңғылы бойындағы коммерциялық ғимараттардың бірыңғай дизайн-коды таныстырылды.
Кездесуге даңғыл бойында орналасқан нысандардың иелері шақырылып, алдағы атқарылатын жұмыстардың жоспары ұсынылды. Жаңа талаптар аясында:
• ғимараттардың қасбеттерін біріздендіру;
• жарнама тақтайшалары мен маңдайшаларды ортақ стильде орналастыру;
• қаланың сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіру мәселелері талқыланды.
Әкімдік өкілдері дизайн-код енгізудің басты мақсаты – қаланың эстетикалық бейнесін жақсарту, тұрғындар мен қонақтарға ыңғайлы әрі көрікті орта қалыптастыру екенін атап өтті.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге өз пікірлері мен ұсыныстарын айтуға мүмкіндік беріліп, ортақ шешімдер қабылдау жолдары қарастырылды.