Жұбан мен Қадырдың мерейтойына арналған «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы өтті

Жұбан мен Қадырдың мерейтойына арналған «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы өтті

Оралда Жұбан мен Қадырдың мерейтойына арналған «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы мәреге жетті.

- Әлемді жайлаған iндет берекемiздi алғаннан бері қазақтың төл өнері айтыс та кiдiрic тауып қалған еді. Ақпан айынан бері барлық жоспарланған айтыстар кейінге шегерілді. Iндеттiң бетi қайтқан тұста Батыс Қазақстан облысы әкімдігі республикалық аламан айтысты көрерменсiз болса да өткiздi. Айтыс қазақтың екі ұлы ақыны, халық жазушылары, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерекелiк тойына орай ұйымдастырылып отыр. Айтыстан басқа шаралар да өтуде. Жұбан ағамызға қазақтың рухын көтеретін керемет мүсін орнатылса, Қадыр ақынның рухына естелік кiтап шығуда. Ал біздің таңдап алып келген айтыскерлерiмiз қос ақынға сөзден сурет салып, өлеңнен ескерткіш орнатты. Олардың ақындық, адамгершілік касиеттерiн, қазақтың руханиятындағы орнын тамаша жырлап бердi. Телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіледі, - дедi айтыс аламанын жүргізіп отырған Жүрсін Ерман.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (1,5 млн теңге) түркістандық Бекарыс Шойбековке бұйырды. Қарағандылық Төлеген Жаманов бірінші (1 млн теңге), қызылордалық Мұхтар Ниязов пен батысқазақстандық Жансая Мусина екінші (500 мың теңгеден), тағы бір батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы мен алматылық Қазірет Бердіхан үшінші (400 мың теңгеден) орынға ие болды. Арқалықтан келген айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, атыраулық жас талант Фариза Жетпісбаева және павлодарлық Аспанбек Шұғатаевқа 300 мың теңгеден Асанәлі Әшімов қорының арнайы сыйлықтары тапсырылды.

Гүлсезiм Бияшева,

zhaikpress.kz