«Орал қаласы сұрапыл соғыс жылдарында» атты кітап жарық көрді

«Орал қаласы сұрапыл соғыс жылдарында» атты кітап жарық көрді

Бүгін Қала күні мерекесі аясында Ұлы Отан Соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арнап, майдан шежіресінен сыр шертетін «Орал қаласы – сұрапыл соғыс жылдарында» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітап отты күндердің естелігін мәңгі дәріптеу мақсатында Орал қаласының әкімдігі Ұлы Отан Соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай жинақ шығаруды қолға алған болатын.

Шараға жиналғандарды қала күні мерекесімен құттықтаған қала әкімі Абат Шыныбеков:

- Бүгін Орал қаласының соғыс жылдарындағы тарихына тағы бір куә болып отырмыз. Жерлес майдангерлеріміздің, тыл еңбеккерлерінің еңбегін халыққа таныстыру мақсатында осындай еңбек жарық көрді. Бұл кітап - сол кездегі біздің азаматтарымыздың қажырлы еңбегін өскелең ұрпаққа таныстыратын тарихи құнды еңбек. Қала тұрғындары мен әріптестерімнің атынан аталмыш еңбектің жарық көруіне атсалысқан жандарға ризашылығымды білдіремін, - деді.

Еңбекте Батыс Қазақстан өңірінен шыққан әскери құрамалардың, жеке жауынгерлердің ерлік істері, тыл еңбеккерлерінің сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбектері баяндалады. Аталмыш кітап қалың оқырманға арналған.

Жинақтың жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбеков.

- Бұл - ұжымдық еңбек. Авторлардың еңбегі жеке тарауларда көрсетілген. Кітапта майдангерлердің еңбегі, тыл еңбеккерлерінің жай-күйі, соғыс жылдарында қоныс аударғандар, фабрика,зауыттарда қызмет атқарған әйелдер мен жасөспірімдердің ерен еңбектері баяндалады, - деді Тұяқбай Зейітұлы.

«Орал қаласы – сұрапыл соғыс жылдарында» кітабының жарық көруіне тарихи деректер мен ақпараттарды жинақтап, жаңғыртуға Тұяқбай Рысбеков, Баян Шынтемірова, Мұрат Қалменов, Жаңабек Жақсығалиев, Аққайың Балықова, Әлия Бижанова, Ахмедияр Батырхановтар үлес қосқан.

Жинақ алғысөз бен қорытындыдан, "Орал қаласы соғыс жылдарында" , "Батырлардың ерлігіне тағзым" атты бөлімдерден тұрады.