Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Өңір басшысы облыстың ауылдары мен елдімекендеріндегі денсаулық сақтау нысандарының құрылыс барысы мен сапасын сынға алды. Атап айтқанда, облыс әкімі іргетасы 2023 жылы қаланып басталған кей ғимараттың әлі аяқталмағандығын, аяқталғандарының тиісті басқарма балансына берілмегендігін, Ұлытау ауданында аурухана құрылысының тым кешеуілдеп жатқанын жеткізіп, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тимур Бижановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза тағайындады.
Сондай-ақ аталған жұмыстардың қадағалануы тікелей жергілікті аудан әкімдерінің міндеті екенін тағы бір рет ескертті. Бұл ретте облыс әкімі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына нысандарды тексеріп, 1 маусымға дейін жұмыс нәтижесін ұсынуды тапсырды.
Отырыста денсаулық сақтау нысандарын білікті кадрлармен толықтыру, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Өңір басшысы аудан әкімдеріне бұл сауалдарға қатысты басқармалармен тығыз жұмыс істеп, тікелей атсалысу міндетін жүктеді.
Облыс әкімі өңірдің қала-аудан ауруханаларын қажетті аппараттармен жабдықтау мәселесінде бақылаудың аздығын жеткізіп, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззәт Рановаға ауызша ескерту жариялап, тиісті әкім орынбасарына жұмысты жеделдету ісін бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі Ұлытау облысы әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен аймақтық жол картасы шеңберінде өңірде салынуы тиіс үш лагерьдің кадрлармен толығуын, қай табиғат аясында орналастырылатынына аса көңіл аударуды, қала-аудан әкімдерінің ұсыныстарын ескеру қажеттігін жеткізді.