ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР САЯБАҒЫ» ФЕСТИВАЛІ АШЫЛДЫ

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР САЯБАҒЫ» ФЕСТИВАЛІ АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған фестивальге Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков арнайы қатысты. Өңір басшысы қонақтар мен жас жерлестерімізді ашылу салтанатымен құттықтап, жұмысшы мамандықтарының өңіріміз үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі фестиваль сіздер үшін мамандық таңдауға бағыт-бағдар беріп, өз болашақтарыңызды айқындауға мүмкіндік сыйлайды. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысып, қоғамға пайдасын тигізсе, бұл - нағыз жетістік.
Жұмысшы мамандығын таңдау – бұл абыройлы таңдау!»-,деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар іс-шарада «Қазақстанның еңбек ері» Тұрсынбек Макишев фестиваль - жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың саналы таңдау жасауына серпін беретінін жеткізді.

Бірегей алаң 3 күн бойы шеберлік сыныптарын, кәсіптік сынақтар мен шеберлік байқауларын ұйымдастырып, дайындық сабақтарын өткізеді. Бұл шаралар жас жерлестерімізді нағыз еңбек әлеміне жетелеп, жұмысшы мамандықтарының құндылығын сезіндіруге, олардың бойындағы қабілеттерді ұштауға бағытталады.

Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар саябағында» Ұлытау облысының техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің ұйымдастыруымен 15-ке жуық арнайы көше атауы берілген көрме ұйымдастырылды.