Ұлытау облысында егістік алқабын жинау науқаны басталды

Ұлытау облысында егістік алқабын жинау науқаны басталды

Биылғы қуаңшылық салдарынан Ұлытау облысындағы егін көлемі былтырға қарағанда 2-3 мың тоннаға аз. Бұл жайында Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппараттық жиында Ұлытау облысы ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат Мутаев баяндады. Жиын барысында облыс әкімі шаруашылық иелерімен кездесіп, көмек қолын созу жолдарын қарастыруды тапсырды.

2023 жылға егілген егістік алқаптың жалпы көлемі – 28 762,2 гектарды құрайды. Оның ішінде егілгені: бидай – 23 585,1 гектар, арпа – 3 155 гектар, азықтық дақылдар – 4 271,8 гектар, 901,7 гектар көкөніс және бақша дақылдары.

Белгілі болғандай облыстағы шөптің бағасы орта есеппен 800 теңгені құрайды, кебектің бағасы тоннасына - 85 мың тг болса, арпаның құны - 95 мың тг.

Шабындық кезеңіне 200 дана жүк көлігі, 750 дана трактор, 598 дана тіркеме трактор, 1000 дана жуық шөп шабатын агрегаттар, 78 дана пресстеуіш жабдық, 487 дана тырнауыш, 212 дана шөп артатын ауыл техникалары қатысуда.

Биыл Ұлытау облысы бойынша жалпы көлемі 539 мың тонна шөп дайындау күтілуде, қазір 351 мың тонна шөп дайындалды.

Аппараттық кеңесте Берік Әбдіғалиұлы әр өңірдің фермерлеріне арналған жиын өткізіп, техникаларын жаңартуға, шаруашылықты кеңейтуге арналған қаржылай мүмкіндіктерді ұсынуды, насихаттауды тапсырды.