Брифинг: Ұлытау облысындағы құрылыс жұмыстарының қарқыны

Брифинг: Ұлытау облысындағы құрылыс жұмыстарының қарқыны

Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар алаңында Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ринат Алматов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.

Брифинг барысында өңірдегі құрылыс саласының даму қарқыны мен алдағы жоспарлар кеңінен таныстырылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 109,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 111,4 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда жеке инвестициялар есебінен жалпы ауданы 57,6 мың шаршы метрді құрайтын 14 коммерциялық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде биыл жалпы ауданы 36,1 мың шаршы метр болатын 8 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделсе, қалған 6 тұрғын үйдің құрылысы 2027 жылға өтпелі.

Жалпы алғанда, 2026 жылы ауданы 73 мың шаршы метр болатын 14 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Оның ішінде 3 кредиттік, 3 жалға берілетін және 8 коммерциялық тұрғын үй бар. Бұл өз кезегінде 833 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап облыс орталығының Батыс ауданындағы жаңа шағын ауданды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында магистральдық желілердің құрылысы жүргізілуде. Жобаны аяқтау мерзімі – 2026 жыл.

Биыл облыста әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша жалпы саны 11 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, Қаражал қаласында жабық хоккей корты мен көпфункционалды орталықтың құрылысы жүргізілуде. Хоккей корты мен Ұлытау ауылы ауылындағы жабық жүзу бассейнін қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Ал Қаражалдағы көпфункционалды орталық жыл соңына дейін ел игілігіне табысталады.

Сондай-ақ, Жезқазған қаласында курсанттарға арналған павильоны бар автоматтандырылған автодром құрылысын аяқтау үшін мердігер ұйым анықталып, арнайы техника мен қажетті жабдықтар жұмылдырылуда.

Жезқазғанда оқушылар сарайының құрылысы толық аяқталып, қазіргі уақытта аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал Ұлытау ауылында бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар, 20 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананың құрылысы жалғасуда. Жобаны аяқтау мерзімі – 2026 жылдың соңы.

Сәтбаев қаласында индустриялық парктің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы биыл мамыр айында аяқталады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2026 жылы өңірде тағы 3 жаңа жобаның құрылысы басталды. Олар: Жаңаарқа ауданында 100 орындық инклюзияны қолдау орталығының құрылысы, Сәтбаев қаласындағы «БМ №7» КММ спорт залының құрылысы және Ақселеу Сейдімбек атындағы орта мектептің спорт залын салу жобалары.