Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай аймақтық фестиваль өтті

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай аймақтық фестиваль өтті

Бүгін Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» атты аймақтық форум өтті. Қонақтар «АгроQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесін тамашалап, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, жергілікті өнімдер және инновациялық жобалармен танысты. Іс-шараға Мәжіліс депутаты, Аграрлық комитет төрағасы Серік Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин және Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма басшысы Жигули Дайрабаев арнайы келді.

Форумға қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар еңбек озатына марапаттар табыстады.

«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға айрықша мән беріп отыр. Соның арқасында биыл біздің өңірге де айтарлықтай қолдау көрсетілді. Агроөнеркәсіп субъектілерін субсидиялауға 4,4 млрд теңге бөлініп, шамамен 780 шаруашылыққа нақты көмек көрсетілді. Олар техникаларын жаңартып, жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс тиімділігін арттыра алды. Жыл басынан бері 200-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Облыс құрылғаннан бері салаға 8,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал жыл басынан бері 2,5 млрд. теңге инвестиция құйылып, өткен жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 46 пайызға өсті.
Бұл жетістіктер біздің тұрақты дамуға деген сенімімізді нығайтады. Өңірдің ішкі өнімін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз», – деді өңір басшысы.

Форумда фермерлерді сапалы ресурстармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, суару жүйелерін дамыту, техниканы жаңғырту және цифрландыру мәселелері талқыланды. Мал шаруашылығы саласындағы қолдан ұрықтандырудың жаңа инновациялық бағдарламасы таныстырылды.

Талқылау қорытындысы бойынша облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Форум фермерлер үшін тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа бастамаларды қалыптастыруға тиімді алаң болды.