Жаңаарқа ауданының Манадыр станциясында мемлекетке қайтарылған қаражаттың есебінен жаңа мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда 80 орынға арналған білім ордасының екінші қабатының құрылысы аяқталып, бірінші қабатына терезелер орнатылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жылу батареялары қойылып, сантехникалық жұмыстар толық аяқталды. Құрылыс материалдарының қоры жеткілікті.
Жаңа мектеп заманауи білім беру стандарттарына сай жабдықталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Үкімет тұрғындардың өтінішін ескере отырып, осы жылдың басында Манадыр станциясында жаңа мектеп салу туралы шешім қабылдаған болатын. Жобаға «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» арнайы мемлекеттік қордан 1,2 млрд теңге бөлінді.