Ұлытау облысы әкімінің аппараты Қазақстан Республикасы Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментімен бірлесе «Облыстың жергілікті атқарушы органдар жұмысын тиімді үйлестіру» тақырыбында қала, аудан әкімдіктері және сала бойынша жауапты мамандардың қатысуымен семинар-жиналысы жүргізілді.
Семинар мақсаты – ауылдық округтердің жұмысын заңнама талаптарына сай үйлестіру, жергілікті қоғамдастық жиналыстарын жандандыру және дербес бюджетті тиімді қалыптастыру жолдарын талқылау.
Семинар барысында келесі өзекті мәселелер қаралды: ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 39-2-бабы және тиісті министрлік бұйрықтарына сәйкес қоғамдастық жиналыстарын тиімді ұйымдастыру; ҚР ӘҚБтК-нің 729-бабы аясында айыппұл салу тәртібін түсіндіру.
Семинар модераторы – облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Н.М. Боранқұл және ҚР БП құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің бөлім аға прокуроры А.К.Жолдасбеков, сондай-ақ қала, ауданның тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл семинар жергілікті басқару сапасын арттырып, ауылдық округтердің әкімшілік дербестігін нығайту жолында маңызды қадам болды.