Бүгін Ұлытау облысының журналистері кәсіби мереке қарсаңында марапатты болды. Іс-шарада өңір басшысы Дастан Рыспеков ақпарат саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді төл мерекемен құттықтап, сала мамандарының қоғамдағы рөлі мен еңбектерінің маңызына тоқталды.
«Ақпарат ағыны жылдам дамыған заманда журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсуде. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, елдің шынайы үнін жеткізіп жүрген БАҚ өкілдерінің еңбегі – қай кезде де құрметке лайық. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен ұстанымдарыңыз өңір дамуына оң ықпал етіп келеді. Барша журналистер қауымына шығармашылық табыс, тың серпін және мызғымас сенім тілеймін», – деді облыс әкімі.
Салтанатты түрде ұйымдастырылған жиында БАҚ-ның мамандарына ҚР Құрмет ордені, Ерен еңбегі үшін, Еңбек ардагері медалі, Ақпарат саласының үздігі төсбелгілері табыс етілді.
Сондай-ақ кәсіби мерекеге орай облыс әкімінің жыл сайынғы «Ular» сыйлығы мен 1 миллион теңгелік сыйақысына «Мысты өңір» газетінің журналисі, Ибадатов Шахмұрат пен зейнеткер, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі, «Ұлытау» газетінің тілшісі Мағзұмбек Машайықұлы ие болды. Мерекелік жиында бірқатар журналист арнайы номинациялар бойынша үздік деп танылып, облыс әкімі ұсынған 500 мың теңгеден сыйақыларын алды.
Одан бөлек, үздік БАҚ қызметкерлері Ұлытау облысының Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.