Ұлытау облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған марапаттау жиыны өтті

Ұлытау облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған марапаттау жиыны өтті
Іс-шара аясында мемлекеттік қызмет саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат ведомстволық және облыстық марапаттарға ие болды.
 
Салтанатты рәсімде Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.
 
Жиында «Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық төсбелгісімен Жанат Мейрамғалиева марапатталды. Ол 40 жылдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнап, экономика және кәсіпкерлік салаларында абыройлы еңбек етті. Зейнеткерлікке шықса да, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді.
 
Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен
Айдархан Аманбаев та марапатталды. 45 жылдан астам туған Жаңаарқа ауданында табанды еңбек етіп келе жатқан азаматтың кәсіби жолы – көпке үлгі.
 
«Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісіне
Мейрамкүл Оспанова ие болды. Еңбек өтілі – 37 жыл. Соңғы 25 жылын Қаражал қаласының жұмыспен қамту бөлімінде өткізген.
 
Сондай-ақ «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі Ардақ Жапаровқа табысталды. Жас болса да жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүрген білікті маманның болашағынан үлкен үміт күтіледі.
 
Сонымен қатар, салтанатты шарада Ұлытау облысының Құрмет грамоталарымен марапатталған мемлекеттік қызметшілер де өз саласының үздік мамандары ретінде танылды. Олардың орташа еңбек өтілі – 25 жылдан астам.
 
«Марапат иелерінің әрқайсысының өмір жолы – келер ұрпаққа үлгі, біз үшін мақтаныш. Сіздердің облысымыздың дамуына қосқан үлестеріңіз ерекше», – деп атап өтті облыс әкімі.