2025 жылдың 23 маусымында Ұлытау облысының барлық өңірлерінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында түрлі бағыттағы экологиялық іс-шаралар өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, тұрғындардың экологиялық санасын арттыру және табиғатқа деген қамқорлықты насихаттау.
Облыс орталығы Жезқазған қаласында «Таза қала» акциясы өтті. Осы акция аясында тұрғындар, жастар және жанашыр адамдар басты көшелердің бірінде Алашахан даңғылында ағаштарды ақтады. Ағаштарды ағарту тек көгалдандыру элементі ғана емес, сонымен қатар өсімдіктерді зиянкестерден қорғаудың және олардың өміршеңдігін арттырудың маңызды шарасы болып табылады.
Сәтбаев қаласында халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында жастар мен еріктілер тұрғындарға брошюралар мен буклеттер таратты. Олар тұрғындарға қайта өңдеу, энергия мен суды үнемдеу, табиғи ресурстарды сақтау және қоғамдық орындардағы қоқыстардың алдын алу бойынша кеңестер берді.
Қаражал қаласында, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында да «Таза қала», «Таза аудан» акциялары өтті. Аталған іс-шараларға коммуналдық қызметтер, тұрғындар, еріктілер және осы өңірлердің жастары қатысты. Тұрғындар мен еңбек ұжымдары басты көшелер мен саябақтарды, скверлерді тазартты. Сондай-ақ, аталған өңірлердің тұрғындары өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды рұқсат етілмеген полигондардан арнайы полигонға шығарды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жыл басынан 6 жалпы облыстық сенбілік және 3 қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар апта сайын қалалар мен аудандарда «Таза бейсенбілік» өткізілуде.
2025 жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 38 мыңнан аса адам қатысты. Сондай-ақ, 627 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылып, нәтижесінде 3027 тонна қоқыс шығарылды.
#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan