14 наурыз – амал мерекесі!

14 наурыз – амал мерекесі!

Соңғы кездері бұл мереке туралы жазбалар көбейіп, оның мән-мағынасы бүкіл халқымызға таныс бола бастағандай. Мерекені еліміздің батыс өңірлерінің халқы бұрыннан атап өтіп келе жатса, енді осы іске барлық өңірлер халқы қосыла бастады.

Бұл – құптарлық жайт. Өйткені:

«...Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» деп Абай атамыздың жазғанындай, еліміздің қай өңірінде болса да, мал баққан қазақ халқы үшін көктем әсері өте күшті болған. Қысты күндері таудың қолат қуыстарына тығылып, жан баққан халқымыз көктем келіп, қар көбесі сөгілісімен қайта еңсе тіктеп, ауыздары аққа тиіп, бірін-бірі іздеуге көшкен. Алыстан қонақ келе ме, қалың елден хабар айта ма, ел ішінде не жаңалық бар екен деп елеңдесіп отырған. Сондықтан да халқымыз көктем мерекесін ұзақ тойлаған. Оның бүкіл дәстүр салты (тойшылдығы, қонақшылдығы мен қонақжайлығы, жазда жайлауға шығуы, көкпар, ат бәйгесі, тағы басқалар) осы көктем мерекесімен ерекше үйлесім тапқан. Наурызды ұлы дүбір мереке маусымы ретінде қабылдаған. Сол наурыздың беташары секілді болып келетін көрісу, амал мерекелерінің де халық тұрмысы мен мәдениетінде толағайдай орны болғанын байқаймыз.