
Сәтбаев қаласында жаңа форматтағы Smart Point цифрлық ХҚКО ашылды. Бұл – Ұлытау облысында ашылған екінші цифрлық орталық. Ол мемлекеттік қызметтердің онлайн форматтағы қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын дамыту мақсатында құрылған.
Жаңа орталықтың жұмысымен Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Галымович Карипбаев, Сәтбаев қаласының әкімінің орынбасары Сыздыманов Ахмет Смагулович, Ұлытау облысының Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы орынбасары Салиханов Сырым Рахметоллаұлы.
Smart Point орталығында бірнеше функционалдық аймақ қарастырылған. Экспресс-аймақта келушілер құжаттандыру терминалы арқылы жеке куәлік немесе паспорт алуға өздігінен өтінім бере алады. Цифрлық аймақ заманауи моноблоктармен, жоғары жылдамдықты сканерлермен және онлайн қызметтерді өз бетінше алуға қажетті техникалармен жабдықталған. Сараптамалық аймақта азаматтар жеке сүйемелдеуді қажет ететін мәселелер бойынша мамандардан кеңес ала алады.
Сонымен қатар, Smart Point орталығында оқыту және ақпараттандыру аймақтары қарастырылған. Мұнда тұрғындар жаңа цифрлық сервистерді меңгеріп, цифрлық сауаттылық деңгейін арттырып, электрондық мемлекеттік қызметтермен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын игере алады. Келушілердің қолайлылығы үшін жайлы күту аймағы да жабдықталған.
«Ұлытау облысында екінші Smart Point орталығының ашылуы – мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін заманауи әрі ыңғайлы ету жолындағы тағы бір қадам. Жаңа формат қызмет алу уақытын қысқартып қана қоймай, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға да ықпал етеді», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Жанғазы Рахимов.
Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы Smart Point орталығы 4 маусым күні Жезқазған қаласында ашылған болатын.