Ұлытау облысында некені салтанатты түрде тіркеу қызметіне сұраныс артып келеді

Ұлытау облысында некені салтанатты түрде тіркеу қызметіне сұраныс артып келеді

 

 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ұлытау облысы бойынша филиалы өңір тұрғындары арасында некені (ерлі-зайыптылықты) салтанатты түрде тіркеу қызметіне қызығушылықтың артқанын хабарлайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 1 213-тен астам неке тіркелген, оның ішінде некені тіркеудің 10% -ы салтанатты жағдайда өткен. Ағымдағы жылы үрдіс сақталуда: 2026 жылдың қаңтар-ақпан-наурыз айларында 13 салтанатты тіркеу жүргізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден асып түседі.

Салтанатты рәсімдердің басым бөлігі Сәтбаев қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде өткізіледі, мұнда маңызды оқиғаны өткізуге барлық қолайлы жағдайлар жасалған.

Жақын уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ұлытау облысы бойынша филиалы Жезқазған қаласы әкімінің аппаратымен бірлесіп жаңа ғимарат салу жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.

Жоба аясында мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған заманауи кеңістік құру, соның ішінде некені салтанатты түрде тіркеуге арналған арнайы жабдықталған зал қарастырылған. Жаңа зал барлық заманауи талаптарға сай болып, рәсімдерді жайлы әрі мерекелік атмосферада өткізуге мүмкіндік береді.

Аталған жобаны іске асыру көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және өңір тұрғындары үшін отбасы өміріндегі маңызды сәттердің бірін рәсімдеу кезінде қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Некені салтанатты түрде тіркеу — бұл мемлекеттік қызметтің ерекше форматы болып табылады. Ол тіркеушінің, туыстар мен қонақтардың қатысуымен мерекелік жағдайда өткізіледі.

Қызметті алу үшін азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беруі немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет.

Өтініш берген кезде некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу күні өтініш берушілердің тіркеуші органға өтініш тапсырған күнінен бастап он бес күнтізбелік күн өткен соң белгіленеді. Сондай-ақ неке қию рәсімін өткізу форматы — салтанатты немесе стандартты түрде таңдалады.

Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші орган дәлелді себептер болған және олар құжат жүзінде расталған жағдайда, бұл мерзімді қысқартуға немесе ұзартуға құқылы.

Қызмет құны белгіленген тарифтерге сәйкес анықталады. Төлем өтініш беру кезінде жүргізіледі.

Айта кету керек, некені салтанатты түрде тіркеуге деген қызығушылық азаматтардың бұл маңызды оқиғаға ерекше мән беруге және отбасы құрылған күнді есте қаларлықтай өткізуді қалайтынын көрсетеді.