Жаңаарқа ауданында көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жоба жүзеге аспақ. Аудан тұрғындары мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында темір жол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары басталады.
Ұлытау облысында орналасқан төрт темір жол вокзалына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Солардың қатарында Жаңаарқа аудан орталығы мен Қызылжар кентіндегі вокзалдар да бар. Жоба аясында вокзалдардың сыртқы сәулеті жаңартылып, ішкі кеңістігі заман талабына сай қайта жабдықталмақ.
Сонымен қатар жолаушылар үшін жайлы жаңа перрондар мен жабық галереялар салу, қосымша нысандар тұрғызу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жобаның алғашқы эскиздік нұсқалары әзірленуде.
Бұл бастама ауданның көлік инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.