ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ТАКТИКАЛЫҚ-АРНАЙЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАР СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ТАКТИКАЛЫҚ-АРНАЙЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАР СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

Ұлытау облысында запастағы әскери міндеттілердің қатысуымен ұйымдастырылған тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өз мәресіне жетті. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі мен Үкіметінің тапсырмасына сәйкес өткізіліп, өңірдегі аумақтық қорғаныс жүйесінің даярлығын арттыруға бағытталды.

Биыл оқу-жаттығулар Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Мұқажан Жұмажанов атындағы ауылдық округ аумағында өтті. Оған 78 әскери міндетті азамат, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында әскери міндеттілер арнайы даярлықтан өтіп, аумақтық қорғаныс күштерінің құрамында әрекет ету бойынша теориялық және практикалық машықтарын жетілдірді.

Оқу-жаттығулардың негізгі мақсаты – қатысушылардың әскери дайындығын арттыру, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету қабілетін нығайту, практикалық дағдыларын шыңдау, сондай-ақ жауынгерлік рух пен патриоттық сезімді күшейту болды.

Шараның қорытындысында қатысушыларға көрсеткен жоғары жауапкершілігі мен белсенділігі үшін алғыс айтылды. Ұлытау облысы әкімінің аппараты басшысы Кенгирбай Смағұлов өз сөзінде мұндай оқу-жаттығулардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды.

🇰🇿Патриотизм – туған жерді, ел мен халықты, отбасын қорғауға деген жауапкершіліктен басталады. Біз әрдайым Отанымыздың игілігі үшін қызмет етуге, кез келген жағдайға дайын болуға тиіспіз. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулардың маңызы зор. Оқу-жаттығуларға белсенді қатысып, жоғары жауапкершілік танытқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Кенгирбай Смағұлов.

Тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өңірдің қорғаныс қабілетін арттыруға, әскери міндеттілердің даярлық деңгейін жетілдіруге және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік берді.