2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілді. Жалпыға бірдей декларацияның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне сәйкес барлық азаматтардан активтер мен міндеттемелер туралы «бастапқы» декларацияны тапсыру (250.00 нысан) талап етіледі.
Кейін табыс пен мүлік туралы декларация кезең-кезеңімен жыл сайын ұсынылады (270.00 нысаны).
2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны кім тапсыруы керек?
Үшінші кезең шеңберінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға тиіс.
Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болмауына байланысты, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме жүктелмейді (АК 43-бабының 3-тармағы).
Сондай-ақ, жеке практикамен айналысатын адамдар 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырмайды.