87 жастағы шахматшы үздік үштікке кірді

87 жастағы шахматшы үздік үштікке кірді

87 жастағы шахматшы үздік үштікке кірді: Жезқазғанда Senat Open туры өтті

Жезқазған қаласында шахматтан II Ашық Senat Open кубогының іріктеу кезеңі өтуде. Жарысқа Ұлытау облысының әртүрлі өңірлерінен 96 ойыншы қатысты. Турнир қорытындысы бойынша 35 үздік спортшы 29 маусымда Семей қаласында өтетін Орталық өңірдің жартылай финалында облыс намысын қорғайтын болады.

Жеке есепте 49 жастағы спорт шеберіне кандидат, жаттықтырушы және «Шахматный альманах» бағдарламасының бұрынғы жүргізушісі Адильхан Қожабеков жеңіске жетті. Екінші орынды Сәтбаев қаласының 63 жастағы шахматшысы Қайрат Молдағалиев иеленді. Ал турнирдің басты сенсациясы — өткен жылы алғашқы турнирдің жеңімпазы атанған 87 жастағы ардагер Азірбек Молдағалиевтің үшінші орын алуы болды.

Командалық есепте жеңіске Сәтбаев қаласының шахматшылары жетті:
• Қайрат Молдағалиев,
• Азірбек Молдағалиев,
• Алмас Сармырзаев.

Бұл үштік Жезқазған мен Қаражал командаларын артта қалдырды.

Сонымен қатар, қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды:
• ардагерлер арасында – Алихан Шайхисламов (Жезқазған, жалпы есепте 4-орын);
• әйелдер арасында – Мадина Нұрғали (Ұлытау ауданы, 25-орын);
• мәслихат депутаттары мен олардың қызметкерлері арасында – Рыскалы Рахимов (Жаңаарқа ауданы, 37-орын);
• мемлекеттік қызметкерлер арасында – Дидар Калиев (Жезқазған, 19-орын);
• қоғамдық кеңес қызметкерлері арасында – Еркебұлан Джүнкураев (Сәтбаев, 7-орын);
• БАҚ өкілдері арасында – Алмас Сармырзаев (Сәтбаев, 5-орын).

Турнир «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. Ашылу салтанатында сөз сөйлегендер:
• Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов;
• Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев;
• Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті және Senat Open кубогының кураторы Александр Бабенко.

Турнир үш кезеңнен тұрады:
• 21 ақпан – 18 мамыр аралығы — еліміз бойынша 20 іріктеу туры;
• 15 маусым – 9 тамыз аралығы — 5 өңірлік жартылай финал (Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Батыс, Шығыс);
• 29 тамыз — Астанада финал.

Кубокқа Эло рейтингі 2000-нан төмен (2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) шахматшылар қатыса алады. Уақыт бақылауының кез келген форматы жарамды: классика, рапид және блиц. Кубок бүкіл республика көлемін қамтиды. Бүгінгі күнге дейін турнир Түркістан, Шымкент, Астана, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларында және Алматы облысындағы Бесағаш ауылында өтті. Жартылай финалға жолдама алу үшін 1300-ден астам қатысушы бақ сынады.