Облыста шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат беру қызметі белсенді түрде көрсетілуде

Облыста шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат беру қызметі белсенді түрде көрсетілуде

Ұлытау облысында «Қазақстан Республикасында шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға уақытша тұруға рұқсат беру» (ҰТР) мемлекеттік қызметіне сұраныс жоғары. Өткен 2025 жылы өңір бойынша 4 724 өтініш қабылданса, ағымдағы жылы бүгінгі күнге дейін 3 118 өтініш тіркелді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ұлытау облысы бойынша филиалы уақытша тұруға рұқсат беру мемлекеттік қызметі шетелдіктердің елде заңды түрде болуын қамтамасыз ететін маңызды рәсімдердің бірі болып табылатынын еске салады.

Уақытша тұруға рұқсат — бұл шетелдік азаматтардың елде белгілі бір мақсатта (жұмыс, оқу, емделу, отбасымен бірігу) болу заңдылығын растайтын құжат. Сондықтан оны уақытылы әрі дұрыс рәсімдеу – заңнама талаптарын сақтаудың негізі болып табылады.

Рұқсатты рәсімдеу үшін қабылдаушы тарап (жұмыс беруші, оқу орны, туыстары немесе емдеу мекемесі) Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы немесе «электрондық үкімет» eGov.kz порталы арқылы өтініш береді. Өтініш беруші шетелдік азаматтың жеке басын растайтын құжаттарды, келу мақсатын растайтын негіздемелерді (еңбек шарттары, оқуға қабылдау туралы бұйрықтар) және өзге де қажетті құжаттарды ұсынуы тиіс.

«Уақытша тұруға рұқсат құжаттарын уақтылы ресімдеу өңіріміздегі шетелдік азаматтардың құқықтық мәртебесін қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеуге де мүмкіндік береді» — деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Жаңғазы Рахимов..

Ұсынылған құжаттар қаралып, мәліметтер миграциялық қызмет органдарымен тексерілгеннен кейін тиісті шешім қабылданады. Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге белгіленген мерзімде уақытша тұруға рұқсат беріледі.

Уақытша тұруға рұқсатты рәсімдеу және миграциялық заңнама мәселелері бойынша қосымша консультацияны Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе миграциялық қызмет бөлімдерінен алуға болады.