Дербес деректерді өңдеу туралы хабарлама жөніндегі ақпарат

Дербес деректерді өңдеу туралы хабарлама жөніндегі ақпарат

2026 жылғы 24 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Заңда азаматтардың дербес деректерін қорғауды одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер көзделген.

Атап айтқанда, дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асыратын меншік иелері, операторлар және үшінші тұлғалар өңделетін дербес деректер субъектілерінің санына қарай шағын, орта және ірі санаттарға бөлінеді.

Шағын санатқа 10 мыңнан аспайтын бірегей субъектінің дербес деректерін өңдейтін ұйымдар жатады. Орта санатқа 10 мыңнан 500 мыңға дейінгі бірегей субъектінің деректерін өңдейтін ұйымдар жатады. Ірі санатқа 500 мың және одан да көп бірегей субъектінің дербес деректерін өңдейтін ұйымдар жатады.

Егер ұйым қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асырса, оның санаты бір деңгейге жоғарылайды. Мысалы, шағын оператор мұндай жағдайда орта санатқа, ал орта оператор ірі санатқа жатқызылады.

Осы жіктеуді ескере отырып, ірі санатқа жататын ұйымдар үшін хабарлама жасау тәртібі енгізіледі. Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 10-1-бабына сәйкес олар дербес деректерді өңдеуді бастамас бұрын, сондай-ақ өңдеуді тоқтатқан кезде уәкілетті органға хабарлама жіберуге тиіс.

Бұл ретте шағын және орта санаттағы операторлар үшін мұндай хабарламаны жіберу талап етілмейді.

Хабарламаны өтініш берушіге ыңғайлы тәсілмен, оның ішінде жазбаша түрде (Астана қ., Мәңгілік Ел даңғылы, 55/5, С 2.4, электрондық пошта: moap@mdai.gov.kz) немесе eOtinish сияқты электрондық сервистер арқылы жіберуге болады.

Хабарламада дербес деректерді өңдеу туралы негізгі мәліметтер көрсетіледі. Атап айтқанда, қандай деректер жиналатыны, оларды қорғау үшін қандай шаралар қолданылатыны, деректер базасының орналасқан жері, деректердің үшінші тұлғаларға немесе шетелге берілуі туралы ақпарат және заңнамада көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.

Келіп түскен хабарламалар негізінде уәкілетті орган дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімін қалыптастырады. Аталған тізілім есепке алу мақсатында жүргізіледі және жалпыға ортақ пайдалануға арналмаған.

Хабарламаға қойылатын талаптар мен ұсынылатын мәліметтердің толық тізбесі Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 10-1-бабында көзделген.