Туу туралы куәліктегі қателер: қайда жүгіну керек және қандай құжаттар қажет?

Туу туралы куәліктегі қателер: қайда жүгіну керек және қандай құжаттар қажет?

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ұлытау облысы бойынша филиалы туу туралы куәлікте қателер немесе дәлсіздіктер анықталған жағдайда туу туралы актілік жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуге болатынын еске салады.

Туу туралы куәлік азаматтың негізгі құжаттарының бірі болып табылады. Сондықтан онда көрсетілген мәліметтер дұрыс болып, туу туралы актілік жазбадағы деректерге толық сәйкес келуі тиіс. Егер тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе туған жері бойынша қателер, сондай-ақ өзге де дәлсіздіктер анықталса, азаматтар оларды заңнамада белгіленген тәртіппен түзетуге құқылы.

Тұрғындар көбінесе орфографиялық қателерді түзету, әртүрлі құжаттардағы тегі немесе атының жазылуындағы сәйкессіздіктерді жою, сондай-ақ актілік жазбаны жасау кезінде жіберілген техникалық қателерді түзету мәселелері бойынша жүгінеді.

Түзетулер енгізу үшін азаматтар актілік жазба сақталған азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Өтініш беруші түзетулер енгізу қажеттігін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.

Ұсынылған құжаттар қаралып, мәліметтер тексерілгеннен кейін актілік жазбаға түзетулер енгізу туралы шешім қабылданады. Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге өзекті деректері көрсетілген жаңа туу туралы куәлік 5 жұмыс күн ішінде беріледі.

«Актілік жазбалардағы қателерді уақытылы түзету мемлекеттік қызметтерді алу, құжаттарды рәсімдеу және жеке деректерді растау кезінде туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Азаматтарға туу туралы куәліктер мен өзге де құжаттардағы мәліметтерді мұқият тексеруді ұсынамыз. Тіпті болмашы қателер анықталған жағдайда оларды дер кезінде түзету қажет, өйткені кейін мұндай сәйкессіздіктер қосымша рәсімдер мен уақыт шығынына әкелуі мүмкін», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Жангазы Рахимов.

Егер түзету жеке деректерді өзгертуге байланысты болса немесе заңдық маңызы бар фактілерді анықтауды талап етсе, мәселе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешілуі мүмкін.

Азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу және түзету мәселелері бойынша қосымша консультацияны АХАТ бөлімдерінен немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады.