Әдеп кодексін сақтау – халық сенімінің кепілі

Әдеп кодексін сақтау – халық сенімінің кепілі

Мемлекеттік қызмет – халыққа адал қызмет етуді, жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды сала. Әрбір мемлекеттік қызметкердің іс-әрекеті, азаматтармен қарым-қатынасы мен қызметтік әдебі мемлекеттік аппараттың беделін қалыптастырады. Сондықтан Әдеп кодексінің талаптарын сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі.

Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік мінез-құлқының негізгі қағидаттарын айқындайды. Атап айтқанда, заңдылықты сақтау, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, жауапкершілік және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу – мемлекеттік қызметтің ажырамас құндылықтары болып табылады.

Қазіргі таңда қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімі көрсетілетін қызметтің сапасына ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің мәдениеті мен этикалық ұстанымдарына да тікелей байланысты. Азаматтарды құрметпен қабылдау, олардың өтініштеріне уақытылы әрі сапалы жауап беру, қызметтік өкілеттікті жеке мүддеге пайдаланбау және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстану – халық сенімін нығайтудың негізгі тетіктері.

Әдеп нормаларын сақтау тек жұмыс уақытында ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды. Мемлекеттік қызметші қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде және көпшілік ортада өзін мәдениетті, салмақты әрі жауапты тұлға ретінде көрсетуі тиіс. Себебі мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті мемлекеттік қызметтің беделіне әсер етеді.

Халық сенімі – бір күнде қалыптаспайтын құндылық. Ол үздіксіз адал еңбекпен, кәсіби қызметпен және ашық диалог арқылы нығаяды. Мемлекеттік қызметкер азаматтардың мәселесіне бейжай қарамай, олардың пікірін тыңдап, заң аясында әділ шешім қабылдай білгенде ғана қоғамның сеніміне ие болады.

Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі тиімді жауап беретін мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Бұл мақсатқа жетуде Әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз орындау ерекше маңызға ие.

         Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі оның білімімен ғана емес, әдебімен, адамгершілік қасиетімен және халыққа деген құрметімен өлшенеді. Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік қызметтің беделін арттырып қана қоймай, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтатын маңызды фактор.

 

Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының басшысы А.Бегежанова.